ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІН
Ақмола облысының білім беру ұйымдарында өткізу
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ
Мемлекеттік рәміздер – бұл мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, елдіктің ең жоғары нышаны. Рәміздер мемлекеттік, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделеді.
Салтанатты әрі еліміз үшін маңызды мерекенің тарихы 2007 жылғы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңының қабылдануынан бастау алады. Дәл сол уақыттан бері жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік рәміздер күні атап өтілуде.
Қазақстандық мемлекеттік рәміздердің мақсаты, ең әуелі, мемлекеттілік идеясының негізгі басымдықтарын: тұтастық, тәуелсіздік, бірлік, екінші жағынан, көршілес жатқан елдерге Қазақстанның халықаралық деңгейде имиджін қалыптастыру болып табылады.
Мемлекеттік рәміздерде қазақ философиясының негізгі белгілері – ұрпақтардың тарихи сабақтастығын сақтау, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар көркем түрде бейнеленген. Мемлекеттік рәміздер ұлттық мемлекеттілік идеологиясының бір түрі болып табылады. Қазақстандық мемлекеттік рәміздер бір-бірін толықтырады және олар өзара тығыз байланысты. Рәміздер бір-бірін толықтыра отырып, республиканың мызғымастығының негізі ретінде Қазақстан Республикасының азаматтары мен халықаралық жұртшылықтың қабылдауында біртұтас тұтастықты білдіреді.
Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап мемлекет үшін басты міндеттердің бірі мемлекеттік рәміздерді дайындау және бекіту қажет. Бұл мәселеге еліміздің ең үздік зияткерлік күштері жұмылдырылды. 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңес Президиумының жаңа мемлекеттік рәміздерді дайындау жөніндегі жұмыс тобын құру туралы қаулысы шықты. Оған сәйкес арнайы шығармашылық комиссия құрылды. Оның құрамында Салық Зиманов, Ербол Шәймерденов және т.б. белгілі қайраткерлер болды.
Елтаңба, Ту, Әнұран жобаларын әзірлеуге жарияланған конкурсқа 600-ден астам үміткер қатысқан. Барлығы Мемлекеттік Ту нобайының шығармашылық әзірлемелері бар 1200 өтінім берілді. Сонымен қатар, болашақ Мемлекеттік Елтаңбаның 245 жобасы мен 67 сипаттамасы және Мемлекеттік Әнұранның 750 нұсқасы ұсынылды.
Байқауға қатысушылардың алдында күрделі мәселе қойылды. Мемлекеттік рәміздер тек эстетикалық талаптарға жауап беріп қана қоймай, тарихи, саяси, экономикалық символизмді бейнелеуі тиіс еді.
Яғни, жас егемен мемлекеттің саяси мәні мен мақсаттарын айқын көрсететін көркем шешім табу қажет болды.
Бұл міндетті Шәкен Ниязбеков (Тудың авторы), Жандарбек Мәлібеков және Шота-Аман Уәлихан (Елтаңба авторлары), Шәмші Қалдаяқов (Әнұран әнінің авторы), Жұмекен Нәжімеденов (Әнұран мәтіні) сияқты шеберлер шеше алды.
Мемлекеттік рәміздерді қабылдауда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың да рөлі ерекше. Ел дамуының идеалдары мен мақсаттарына сай келетін Мемлекеттік Әнұранның мәтініне жеке түзетулер енгізе отырып, біріккен авторлық ұжымға кірді. Сондай-ақ, Елбасы қазақ тіліндегі терминдерді пайдалануға ерекше назар аударды. Оның бастамасымен «елтаңба», «әнұран», «нышан», «рәміз» деген терминдер ресми түрде енгізілді.
Мемлекеттік Рәміздер қабылданған сәттен бастап қазақстандықтардың барлық жеңістері мен жетістіктері рәміздермен байланысты болды.
Оқушылар мен студенттер арасында отансүйгіштікті, азаматтықты кеңінен қалыптастыру мақсатында, 4 маусым күні қашықтықтан төменденідей іс-шараларды өткізу қажет:
1. Оқушылар мен студенттер арасында «Бірлік пен бейбітшілік символы» Онлайн-ТED X алаңы;
2. Білім беру ұйымдарының әлеуметтік желілерінде онлайн-шолуларды орналастыру: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздеріне арналған білім беру ұйымдарының кітапханалары мен мұражайларындағы көрмелері мен экспозициялары бар «Қазақстан Рәміздері – ел тарихы» тақырыптық сөресі;
3. «Қазақстандық рәміздердің білгірлері» – мемлекеттік рәміздерді танымал етуге, патриотизмді нығайтуға және мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды қалыптастыруға бағытталған байқаулар, викториналар сериясы.
4. «Тарихтан туған рәміздер» – мектеп жанындағы лагерьлерде онлайн танымдық сағатын өткізу;
5. «Уақытты біріктіретін және байланыстыратын рәміздер» - әлеуметтік желілер мен мессендждерде бірыңғай посттарды, ақпараттық баннерлерді орналастыру;
6. Колледж студенттерімен «Бұл біздің Туымыз!», «Бұл біздің Әнұран!», «Бұл біздің Елтаңба!» онлайн жастар акциясы.
Біздің отандастарымыз әлемдік жарыстар мен олимпиадалардың Жеңіс жолдарында Қазақстанның Туымен 4 мың рет жүріп өтті, Туды әлемнің ең қол жетпейтін жерлеріне апарып, ең биік тау шыңдарына көтеріп, ғарыштық далаларға шығарды.